Google Payments-тің балаларға арналған құпиялық нұсқаулығы
Жасыңды таңда: 6–8 жас 9–12 жас
6–8 жас
Google компаниясы Google Payments-тегі ақпаратыңды қалай қорғайтынын білгің келе ме?
Мына бет балаларға арналған. Мұнда Google Payments қызметі үшін ақпаратыңды қалай қолданатынымыз және қорғайтынымыз туралы айтылған.
Ата-аналарға ескерту: бұл ақпарат тек 13 жасқа (немесе еліңіздегі тиісті жасқа) дейінгі балаларға арналған, Family Link арқылы басқарылатын Google аккаунттарына қатысты берілген. Толық мәлімет алу үшін Құпиялық мәлімдемесіне және Құпиялық саясатына өтіңіз.
Google-ға қандай ақпарат керек?
Өзінің барлық өнімі үшін жинайтын ақпараттан бөлек, Google Payments-тің жұмысын жақсарту үшін Google сенен төменде берілген негізгі ақпаратты сұрайды.
Тіркелу ақпараты:
- мекенжайың және телефон нөмірің;
- туған күнің;
- несиелік немесе дебеттік картаң туралы ақпарат;
- жеке басыңды растайтын ақпарат.
Қауіпсіздігіңді сақтау үшін арасында қосымша ақпарат сұрап отырамыз.
Басқа жерлерден алынатын ақпарат:
- дүкендердегі төлемдерің туралы ақпарат;
- банкің және несиелік не дебеттік картаң туралы ақпарат.
Бірдеңе сатып алғаның жайлы ақпарат:
- қашан, қай жерден, қаншаға сатып алғаның туралы ақпарат;
- несиелік картаны не дебеттік картаны қолданғаның туралы ақпарат.
Google ақпаратымды не үшін қолданады?
Google сен берген ақпаратты, өзінің барлық өнімінде пайдаланумен қатар, Google Payments қызметінде мына мақсаттар үшін пайдаланады:
- төлемдеріңнің жылдам жасалуына көмектесу;
- саған және ата-анаңа қандай төлем жасағаныңды көрсету;
- саған көмек керек болса, ата-анаңа хабарлау;
- сен туралы ақпарат пен ақшаңды жаман адамдардан қорғау;
- Google Payments-тің ережелерін орындайтыныңды білу;
- болашақта жасайтын төлемдерің қауіпсіз екенін білу.
Google менің ақпаратымды біреуге бере ме?
Google сен берген ақпаратты, өзінің барлық өнімінде пайдаланумен қатар, Google Payments-тің жұмысын жақсарту үшін басқаларға да бере алады. Мысалы:
- заң бойынша беру керек болғанда;
- аккаунтың мен төлемдеріңді қорғау үшін, олар жақсы істеуі үшін;
- төлемдеріңнің дұрыс жасалғанын қадағалау үшін.
Ата-анамда қандай басқару элементтері бар
?
Ата-анаң мына нәрселерді жасай алады:
- Google Payments-ке жаңа карталар қоса алады;
- сен карталарыңды қолданғанда немесе карта өшірілгенде, электрондық хат алады;
- Family Link арқылы сен жасаған төлемдерді көреді, төлем карталарын өшіреді.
Google менің ақпаратымды қалай қорғайды?
Google ақпаратыңды қорғау үшін қолынан келгенін жасайды. Оған көмектесем десең, құпия сөзің мен PIN кодыңды ешкімге айтпа.
Мынаны есіңде сақта:
- Аккаунтыңды бөтен адамға берме.
- Телефоныңды сенімсіз адамға берме.
- Google Payments-тегі ақпаратыңды біреу ұрлап алды деп ойласаң, ата-анаңа айт.
9–12 жас
Google Payments-ті қолданғанда, ақпаратыңның құпиялығы қалай қорғалатыны туралы білгің келе ме?
Жауапты осы жерден табасың! Ақпаратыңды не үшін қолданамыз және оны қалай қорғаймыз деген сияқты балалар ең көп қоятын сұрақтарды оқып шық.
Ата-аналарға ескерту: бұл ақпарат тек 13 жасқа (немесе еліңіздегі тиісті жасқа) дейінгі балаларға арналған, Family Link арқылы басқарылатын Google аккаунттарына қатысты берілген. Толық мәлімет алу үшін Құпиялық мәлімдемесіне және Құпиялық саясатына өтіңіз.
Google-ға қандай ақпарат керек?
Өзінің барлық өнімі үшін жинайтын ақпараттан бөлек, Google Payments-тің жұмысын жақсарту үшін Google төменде берілген қосымша ақпаратты сұрауы мүмкін.
Тіркелу ақпараты:
Мұнда Google аккаунтыңда қандай ақпарат сақталатыны туралы айтылған. Кейбір деректер құрылғыңда сақталуы мүмкін. Тіркелу ақпаратына жататындар:
- мекенжайың;
- телефон нөмірің;
- туған күнің;
- несиелік немесе дебеттік картаң туралы ақпарат;
- жеке басыңды растайтын ақпарат (мысалы, жеке куәлігің).
Деректеріңді не жеке басыңды растау үшін арасында қосымша ақпарат сұрауымыз немесе сұрақтар қоюымыз мүмкін.
Басқа жерлерден алынатын ақпарат:
Сен туралы ақпаратты басқа жерден алуымыз мүмкін. Мысалы:
- дүкендерден Google Payments-тегі төлемдерің туралы ақпаратты;
- Google Payments-пен байланыстырылған басқа қызметтерден қандай төлеу әдісін қолданғаныңды, аккаунтыңдағы әрекеттерді;
- банкіңнен немесе карта эмитентінен;
- төлеу әдістерінен түсетін бонустар туралы мәліметті;
- төлемдерің мен аккаунтыңның сенімді екенін тексеру үшін басқа жерлерден алынған төлемдер туралы деректерді.
Бірдеңе сатып алғаның жайлы ақпарат:
Бірдеңе сатып алғанда, Google Payments-ті қолдансаң, біз осы транзакция туралы ақпаратты, соның ішінде мына деректерді сұрауымыз мүмкін:
- күні, уақыты және сомасы;
- дүкеннің орналасқан жері және сипаттамасы;
- қалай төлегенің.
Google ақпаратымды не үшін қолданады?
Google сен берген ақпаратты, өзінің барлық өнімінде пайдаланумен қатар, келесі мақсаттар үшін қолданады:
- Google Payments-те бірдеңе дұрыс болмаса, ата-атаңа көмектесу (тұтынушыларға қызмет көрсету);
- ақпаратыңды не ақшаңды біреу ұрлап алмас үшін, саған, Google қызметкерлеріне не басқаларға көмек беру;
- дүкендер мен басқа компанияларға сенің сұрағаныңды беру үшін көмектесу;
- Google Payments-тің ережелерін сақтайтыныңды білу;
- болашақ Google Payments-тегі транзакцияларың туралы шешім қабылдау;
- төлеу әдістеріне сай күшті бонустар туралы білетініңе көз жеткізу.
Сен берген ақпаратты Google Payments-ті қолданғаныңша сақтаймыз, ал егер заң талап етсе, одан да ұзақ сақтауымыз мүмкін.
Google ақпаратымды біреуге бере ме
?
Google сен берген ақпаратты, өзінің барлық өнімінде пайдаланумен қатар, келесі себептер бойынша Google-дан тыс жерлерге де жібереді:
- заң талап еткен жағдайда;
- аккаунтың әрдайым істеп тұруы, сатып алу кезіндегі төлемің дұрыс өтуі, аккаунтыңды қорғау үшін, сені алаяқтардан қорғап, ешкім алдап кетпеуі үшін, сондай-ақ күнделікті жұмысымызды жақсарту үшін;
- төлеу әдісің қауіпсіз және оны пайдалануға болатынын тексеру үшін;
- сенің басқа жерлердегі қызметтерге тіркелу процесіңді аяқтау үшін.
Google-дың құрамына басқа да компаниялар кіреді, Google олардың жұмысын басқарады. Күнделікті жұмысын орындау үшін қажет болғанда, оларға сенің деректеріңді беруіміз мүмкін. Бұған біз басқа жерлерден (мысалы, дүкендерден) алатын кез келген ақпарат та кіреді.
Ата-анамда қандай басқару элементтері бар?
Ата-анаң мына нәрселерді жасай алады:
- әрбір қосылған төлем картасын жеке мақұлдайды;
- сен карталарыңды қолданғанда немесе карта өшірілгенде, электрондық хат алады;
- Family Link арқылы Google Payments транзакцияларын қарап шығып, төлем карталарын өшіре алады.
Google Pay менің ақпаратымды қалай қорғайды?
Google сені қорғау үшін қолынан келгенін жасайды, бірақ сенің де аккаунт құпия сөзін, PIN кодын және басқа ақпаратты қауіпсіз сақтағаның жөн.
Есіңде болсын:
- Google аккаунты туралы ақпаратты біреуге жіберсең, ол Google төлемдер профилін және жеке ақпаратыңды пайдалана алады.
- Құрылғыңды немесе Google Wallet қолданбасын басқа біреуге пайдалануға бергенде, абай бол.
Google Wallet қолданбасына қауіп төнді деп ойласаң, дереу ата-атаңа айт. Олар Google-ға хабарласа алады.
Соңғы жаңартылған күні: 2026 жылдың 16 наурызы
© 2026 Google – Google Google Қызмет көрсету шарттары Алдыңғы Құпиялық мәлімдемелері